- Read Time: 1 min
- Просмотров: 121
Тұржан Монтаев Сұлтанбекұлы 1962 жылы 8 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №253 орта мектепті бітірген соң, училищеде оқуын жалғастырады. 1981 жылы сәуірде Қарулы Күштер қатарына шақыртылып, әскери борышын өтеуге Ауғанстанға жіберіледі. Көп ұзамай 1982 жылы 8 ақпанда өзінің әскери тапсырмасын орындау үстінде дұшмандардың қоршауында қалып, ерлікпен қаза табады.
Шайхислам Қожахметов Қойшыбайұлы 1965 жылы 7 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Шайхислам Қожахметов №173 қазақ орта мектебінде білім алады. Аталған мектепті 8 сыныбына дейін оқып, сол жердегі №128 кәсіптік техникумда жүргізуші мамандығы бойынша оқуын жалғастырады. Шайхислам 1983 жылдың күзiнде әскер қатарына шақыртылады.
Сәндібек Инабатов Демесінұлы 1962 жылы 5 наурызда Қазалы ауданында дүниеге келген. 1969 жылы сол жердегі теміржол мектебінің табалдырығын алғаш рет аттап, 1977 жылы аталған мектептің 8-ші сыныбын бітіреді. Оқуын әрі қарай сол аудандағы техникалық - училищеде жалғастырады. Онда тракторист-машинист мамандығын алады. 1980 жылы 12 тамызда «Сельхозтехника» мекемесінде слесарь монтажник болып қызмет атқарады.
Қуаныш Ибраимов Ажайпаұлы 1962 жылы 30 шілдеде Жаңа Қазалы ауданында дүниеге келген. Туған жеріндегі №16 мектепті тәмамдаған соң, аудан орталығындағы техникалық училищесін бітіреді. Одан кейінгі 5 жыл ішінде ағаш өңдеу өнеркәсібінде қызмет атқарады. 1980 жылы сәуірде Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеуге Ауғанстан жеріне жіберіледі. Ол жақта бөлімше командирі болады. 1981 жылы 5 мамырда ротасы қоршауға түсіп, сол жерде дұшмандармен болған шайқаста ерлікпен қаза табады. Марқұмның сұрапыл соғыстағы ерен ерлігі үшін 1982 жылы 23 қарашада «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Рахымжан Доспанов Абуғаниұлы 1968 жылы 1 тамызда Қармақшы ауданы, Октябрь (Иіркөл) ауылында дүниеге келген. 1976 жылы сол туған жеріндегі №106 мектептің 1-ші сыныбына қабылданып, 1986 жылы мектепті үздікке бітірген. Мектеп бітірген соң, Қызылорда қаласындағы совхоз техникумға оқуға түседі. 3 айдан соң 1986 жылы айында әскер қатарына шақыртылып, 17 қарашада әскерге аттанады. Рақымжанды әскери борышын өтеуге Ауғанстан жеріне интернационалистік көмек ретінде соғысқа жібереді.





